0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Қазақстандық бітімгерлер кезекті жорыққа аттануға дайын. Олар Таяу Шығыстағы Голан жоталарын бақылап, қарулы қақтығыстардың алдын алуға атсалысады. Бұл жер – Сирия мен Израиль шекарасында орналасқан даулы аймақ. Қос тарап та көз сүзіп отыр. Былтыр дәл осы уақытта ұлттық бітімгерлер құрамының алғашқы тобы жіберілген еді. Енді екінші лек оларды алмастыруға сақадай сай.
Алматы облысындағы «Бітімгер» оқу-жаттығу орталығында іріктеуден өткен 139 сарбаз миссияға тыңғылықты дайындалып жатыр. Өткелден өтуге келген көліктен бастап, жаяу жүргіншіге дейін мұқият тексереді. Жауапты міндетке кірісер алдын жауынгерлік шеберліктерін шыңдап, қарулы топқа тойтарыс беру тәсілдерін де – пысықтау үстінде.
Нұркен Кенжебекұлы, бітімгер:
Ол жақта ең бастысы біздің өзіміздің бітімгерлік миссиясы боп табылғаннан кейін қақтығысып жатқан екі мемлекеттің арасындағы бейбітшілікті жүргізу, медициналық көмектер жасаймыз. «Ер жігіт майданда шыңдалады»- дейді. Сондықтан мен үшін ешқандай қорқыныш жоқ деп айта алам.
Бітімгерлер – бейбітшіліктің жаршысы. Маңызды миссияны орындауда тек күш-жігерге сену жеткіліксіз. Ақыл-білім әрі мызғымас мінез керек. Мұндағы офицерлер мен сер¬жанттар ағылшын тілін жетік меңгерген. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйы¬мының бітімгершілікке қатысты негіз¬гі ережелерімен толық таныс. Даярлықтарын аяқтаған саңлақтар таяу арада Голан биіктігін күзетуге аттанбақ.
Жәнібек Нұрланов, екінші ұлттық бітімгершілік контингентінің командирі:
Біз баратын жерде Араб елі, Сирияда олардың жергілікті тұрмыс-тіршілігін білуіміз керек. Олардың діні бар және мәдениеті бар. Қолбасшының резерві ретінде біз әрдайым әр түрлі жағдайларға дайын болуымыз керек.
Қазақстан – халықаралық бітімгерлік бағдарламаға қатысатын Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Бұл – әлем алдындағы үлкен жауапкершілік әрі асқақ абырой.. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2014 жылдан бері 67 офицер БҰҰ-ның Батыс Сахара, Мали, Кот-д’Ивуар, Орталық Африка республикасы мен Ливандағы миссияларына әскери байқаушы және штабтық офицер ретінде қатысқан.
Ернұр Медет