Наурызнама аясында түркістандықтар 10 мың түп көшет екті, деп хабарлайды 24KZ. Жаңару күнінен жақсылық күткен мыңнан аса тұрғын Жібек Жолы және Төлеби саябағына, Шекті Тілеу көшесінің бойы мен «Қылует» мешіті маңына жиналды.
Табиғат жанашырлары қарағай, шырша секілді қылқан жапырақтылар мен терек, үйеңкі, қарағаш, тұт және жиде екті. Бұл үрдіс облыстағы аудан-қалаларда да жалғасты. Президенттің тапсырмасына орай биыл тал егу жұмыстары тұрғындар арасында кеңінен насихатталып жатыр. Әр адам, ұжым мен ұйымдар аумағын көгалдандыруға міндеттелді. Мамандар бұл бастама тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгертуге себеп болатынын айтады.
Болысбек Шәріпбеков, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
- Одан бөлек, биыл біз облыстың елді мекендерін көгалдандыру үшін 1,2 млн көшет егуді жоспарлап отырмыз. Оның 631 мыңы көктемде егіледі. Бүгінге дейін 450 мыңы отырғызылды. Оған тиісті қоршау, суару, күтіп-баптайтын мекемелер анықталды. Егіліп жатқан көшеттердің барлығы өзіміздің тұқымбақта өсірілген, жерсінген ағаштарды егіп жатырмыз.