Ұлттық киім – ұлттың айнасы. Наурызнама тұжырымдамасы аясында бүгін Түркістан қаласындағы « Этноауыл » аумағында «Түркістан жауһарлары» атты ұлттық киім үлгілерінің сән көрсетілімі өтті, деп хабарлайды 24kz.
Онда қазақ халқының ұлттық киім үлгілері көрсетілді. Салт-дәстүр дәріптеліп, ұлттық ойындар мерекенің көрігін қыздырды.
Бүгін «Этноауылға» жиналған тұрғындар ұлттық киіммен ерекше сән-салтанатпен келді. Көктем шуағын төккен күн астында жүздері бал-бұл жанған қыз-жігіттер алтыбақан теуіп, мерекелік көңіл-күйді еселей түсті. Ал кимешек киген әжелер ұлттық киімнің қадір-қасиетін паш етіп, сән үлгісін көрсетті.
Назипа Байсерікова, қала тұрғыны:
- Кимешектің қыры да, сыры да көп. Ақ әжелерге жарасатын киім. Бұны әрдайым қымбат дүние деп есептейік, жастарға үлгі болсын деп шашбауымызды тағып, сырғалықтарымыздың бәрін тағып келдік. Қазақтың ұлттық киімін дәріптейік деп. Кимешекті тек қана Наурызда емес, күнделікті той-жиынға да киіп жүрміз.
Қазақтың ұлттық киімдерінің сән-салтанаты мен алуан түрлілігі, олардың тарихы мен мәдени маңызы қала тұрғындары мен қонақтарына кеңінен таныстырылды. Заманауи үлгіде тігілген сәукеле, камзол мен бүрмелі көйлек киген бұрымды арулар көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
Ақжан Талғат, қала тұрғыны:
- Басымыздағы бөрігіміз, үстіміздегі камзолымыз, етегі шашылған көйлегіміз қыздар қалай киінгенін қарапайым халыққа керемет дизайнмен жасалған бұрынғы нақыштағы көйлектерімізді көрсетіп жүрміз.
Әрбір киімнің өзіндік мәні мен ерекшелігі бар. Олардың жасалу әдістері мен қолданылу дәстүрлері көпшілікті қызықтырады. Сонымен қатар ұлттық киім үлгілерінің аймақтық ерекшеліктері көрсетіліп, безендірілуі мен символдық мағынасы түсіндірілді.
Қадырболат Мұсағалиев, Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет және спорт бөлімінің басшысы:
- Соның ішіндегі ерекшесі бұл – жас келіндердің кимешегі көрсетіліп жатыр. Көш кезінде аяғы ауыр келіншек дүниеге нәресте әкелген кезде кішкене сәбиін сол басындағы кимешекке орайтын болған. Сондықтан бұл да бір бабамыздан қалған мұра ретінде, тарихымызды жаңғырту мақсатында жасалып жатқан дүниелеріміздің бірі.
Мереке аясында көпшілікке тұсау кесу рәсімі ұсынылды. Ақ әжелер салт-дәстүрге сай алғаш қадамдарын енді ғана басқан нәрестенің тұсауын кесіп, жөн-жоралғыны көрсетті. Сонымен қатар ләңгі тебу, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, арқан тарту, садақ ату, қол күрес, гір тасын көтеру сияқты ұлттық ойындар мерекенің көрігін қыздырды.
Досжан Жанәділ, арқан тарту сайысының жеңімпазы:
- Біз соның ішінде №5 спорт мектебі командалық есепте арқан тартыстан I орынды иелендік. Бұл жерде қазақтың ұлттық ойындарының барлығы қамтылды. Жас балаларға дейін қызығушылық танытып, үлкен насихат болды деп ойлаймын.
Наурызнаманың айшықты күнінде он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары келушілердің қызығушылығын оятты. Мерекелік шараның соңы «Яссы» халықтық этнофольклорлық ансамблінің концертімен аяқталды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат әбіш, Қуаныш Әбуов