Бүгін Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздегі креативті индустрияны дамыту жұмыстары туралы баяндады, деп жазады Egemen.kz.
2021 жылдан бері Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасындағы осы сектордың үлесін арттырудың маңызын бірнеше рет атап өткен болатын.
Осыған орай Республикада арнайы жобалық кеңсе жұмыс істейді, саланы дамыту тұжырымдамасы да қабылданған. Оны институционалдық тұрғыда қалыптастыру және саладағы бизнесті ынталандыру бойынша жұмыс жүргізілген.
«Бүгінгі таңда Қазақстандағы креативті индустрия 12 бағыт бойынша дамып, 43 экономикалық қызмет жіктеуіші түрін қамтиды. Қазақстанда креативті индустриямен айналысатын тіркелген субъектілерінің саны 45,5 мыңнан асады, еліміздің ЖІӨ-дегі жалпы қосылған құнның үлесі 1%-ды құрайды. Барлық субъектінің 50%-дан астамы Алматы мен Астанада шоғырланған, олардың 70%-ы жеке кәсіпкерлер», деді Аида Балаева.
Еліміздің креативті секторларында барлығы 143,6 мың адам жұмыспен қамтылған. Олардың ішінде IT, сәулет және сән өнері, мәдени-демалыс мекемелері, кітапханалар мен музейлер, сондай-ақ халықтың қолөнері еңбекті көп қажет ететін салалар болып саналады.
Елімізде креативті индустрияны дамыту қоры құрылады
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында елімізде жетекші шығармашылық және білім беру ұйымдарының қатысуымен креативті индустрияны дамыту қорын құру жоспарланып отырғанын хабарлады.
Министр Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында креативті индустрияны қолдаудың арнайы институтын құруды тапсырғанын атап өтті. Осылайша, заңнамаға сәйкес, креативті индустрияны дамытуға жәрдемдесетін заңды тұлға – Креативті индустрияларды дамыту қоры болады.
Қор Қазақстанның жетекші шығармашылық және білім беру ұйымдарының қатысуымен корпоративтік қор ретінде құрылады және негізгі 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады:
Таланттарды анықтау (конкурстар, креатондар, мобильді продюсерлік орталықтар ұйымдастыру, өңірлерде таланттарды іздеу).
Жобаларды дамыту (стартаптарды акселерациялау және инкубациялау, коммерцияландыру, инвестиция тарту).
Инфрақұрылымды дамыту (хабтар желісін кеңейту, тұрақты арт-алаңдар құру, мемлекеттік мүлікке қол жеткізуді қамтамасыз ету).
Экспортқа қолдау көрсету (шетелдік аудиторияға шығу, маркетинг және PR, авторлық құқықты қорғау).
«Еліміздегі Креативті индустрияларды дамыту қорының бюджеті ұлттық лотерея операторы қызметінен бөлінетін 3% аударым есебінен қалыптастырылады. Қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі – креативті индустриядағы венчурлық инвестицияларды дамыту. Осыған байланысты АХҚО базасында басқарушы компаниялардың пулын тарта отырып, жедел және қайтарымды негізде ақшалай қаражатты тиімді орналастыруға мүмкіндік беретін венчурлық бөлімше құрылатын болады», деп толықтырды Аида Балаева.
Облыстар мен еліміздің ірі қалаларында кретивті орталықтар ашылады
Аида Балаева Үкімет отырысында ел өңірлерінде креативті хабтарды дамыту жөніндегі жұмыс туралы да баяндады.
Ол жергілікті атқарушы органдарға креативті индустрияны дамыту бойынша заңнамалық құзырет берілгенін атап өтті. Бұл норма ел өңірлерінде креативті хабтар құру және дамыту мақсатында қабылданды.
«Бүгінгі таңда республика бойынша 12 креативті хаб ашылды. Алайда, Ақмола, Алматы, Жетісу, Ұлытау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Креативті хабтар – өңірлердегі креативті индустрияны дамытудың негізгі инфрақұрылымы болуға тиіс. Олар өңірлік экожүйенің орталығына айналып, таланттарды тарту және олармен жұмыс істеу бойынша маңызды рөл атқарады», деп атап өтті Аида Балаева.