Үкіметте президент пәрменінің орындалу барысы талқыланды

Қосшы

Алдағы 5 жылға арналған өңірлік саясат тұжырымдамасының жобасы

мен шекара маңындағы аумақтарды дамыту бойынша жеке заң әзірленеді. Сондай-ақ экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі артады. Бұл туралы Премьер-министрдің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Сонымен қатар жиында Президенттің Ұлттық құрылтайда жүктеген тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды. Олжас Бектенов министрліктердің артылған міндеттерді іске асырудағы тәсілдерін тыңдады.

Әділ және тиімді салық жүйесін құру, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда саладағы олқылықтарға мән беріп, қалыптасқан ахуалды түзетуді тапсырған. Үкімет бұл пәрменді іске асыру барысында тиісті жұмыстарды бірден бастап кетті. Себебі мұндай мәселе ел болашағына тікелей әсер етеді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Президент Үкіметтің салық саясатындағы реформаларын қолдады. Бұл тақырып өздеріңіз білетіндей қоғамда қызу талқылануда. Түзетулердің алғашқы бөлігі Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді. Бұл ретте бюджет қаражатын оңтайлы жұмсауға және республикалық бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз етуге баса назар аударған жөн.

Қазір елдегі бірқатар мекеме нейрожүйеге мән бере бастады. Әсіресе қазір жасанды интеллект бағытында бірқатар жоба жүзеге асып жатыр. Бүгінде Цифрлық даму министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы бағытта жұмыс істеп келеді. Ендігі мақсат – әрбір өңір үшін жыл соңына дейін цифрлық трансформация карталарын әзірлеу, дейді ведомство басшысы.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Қосымша әкімдіктерді цифрландыру жұмыстары басталды. Орталық мемлекеттік органдардың цифрлық трансформациясының 5 жылдық тәжірибесі қолданылатын болады. Әкімдіктердің бизнес процестерін реинженирингтеу нәтижесінде әрбір өңір үшін цифрлық трансформация карталары әзірленетін болады. Бұл жұмысты біз биыл аяқтаймыз. Қаржы министрлігімен бірлесіп, бюджеттің кіріс және шығыс бөлігін болжаудың зияткерлік моделі әзірленуде.

Балалардың жағдайын жақсарту – мемлекеттің басты міндеттердің бірі. Бүгінде оларға қауіпсіз орта құру үшін «Қазақстан балалары» бағдарламасын іске асыру жоспарланған. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар жеткіншектер үшін арнайы заң әзірленеді.

Еділ Оспанов, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

- Жаңа заң жобасында балаларды мүгедектігінің алдын алу мақсатында ерте қолдау жүйесін енгізу және ведомствоаралық іс-қимылдың кешенді тәсілдерін іске қосу қарастырылуда. Президент тапсырмасына сәйкес, депутаттық корпуспен бірге осы заң жобасы бойынша жұмысты жеделдетеміз. Тағы бір маңызды міндет – аутизмы бар балаларды қолдау орталықтарын ашу.

Президент пәрмені бойынша Үкіметтің алға қойған мақсаттары айқын. Демек, көп ұзамай мәдениет, көлік, энергетика, білім, туризм және ауыл шаруашылығы сынды экономиканың маңызды секторы саналатын салалар өркендейді деген сөз.

Альмира Оразбай