Жетісуда фельдшер шалғай ауылдан жедел жәрдем шақырған адамға атпен жетті (видео)

Қосшы

Жетісу облысы Ақсу ауданында фельдшер шалғай ауылдардың бірінде медициналық көмекке зәру әйелге көлікпен жете алмай, атпен барды. Оған толассыз жауған жаңбыр себеп болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық денсаулық басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық денсаулық басқармасының Instagram желісіндегі парақшасында жергілікті тұрғынның фельдшерді атпен күтіп алған сәтінен видео жарияланды.

"Толассыз жауған жаңбыр салдарынан жол жүру қиындап, жедел жәрдем ауылға жете алмай қалды. Салт атты жергілікті тұрғын фельдшерге көмекке келді.

Фельдшер өзімен бірге медициналық қобдишасын алып, атқа мінгесті. Жылқы су шайған жолмен медицина қызметкерін ауылға жеткізді. Науқасты тасымалдауға басқа да арнайы қызметтер жұмылдырылды. Бірлескен іс-әрекет пен жергілікті тұрғынның қамқорлығының арқасында әйел облыстық ауруханаға жеткізілді. Бұл оқиға төтенше жағдайда өзара көмек пен жедел әрекет етудің маңыздылығын көрсетеді", — делінген хабарламада.