Қытайлар ең жылдам пойызды сынақтан өткізді

Қосшы

Қытай әлемдегі ең жылдам пойызды сынақтан өткізді , деп хабарлайды 24kz.

Ол сағатына 450 шақырым жылдамдықпен жүйткиді.

Инженерлер теміржол көлігін құрастыруға 4 жыл уақытын сарп еткен. Бұл орайда жылдамдықты арттырғаннан гөрі тежегіш жүйесін жетілдіру қиынға соққан. Сөйтіп, жылдамдық пен тежеу жүйесін үйлестіру мақсатында мамандар пойыздың салмағын жеңілдеткен. Ол үшін темір емес, көміртекті талшықты композиттер мен магний қорытпалары пайдаланылды. Инновациялық тәсіл әлем инженерлерінің назарын аударып отыр. Енді сынақ кезеңінен сәтті өтсе, көрші ел коммерциялық қолданысқа беруді жоспарлап отыр.

Чжао Хунвэй, Қытай Теміржол ғылымдары академиясының ғылыми қызметкері:

- Бұл инновациялық тәсіл пойыз салмағын жеңілдетіп, энергия тұтыну көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Аэродинамикалық кедергі 22%, ал пойыз салмағы 10%-ке дейін төмендеді. Есесіне жылдамдық артты. Сонымен бірге тарту қуатын көбейту үшін тұрақты магниті бар қозғалтқыш қолданылды. Енді қоршаған ортаға әсерін төмендету бойынша жұмыстар жүргізіледі.