Алматыдағы балалар үйіне қатысты дау: Бағанашылдағы жер кімге тиесілі?

Қосшы

Бағанашылдағы облыстық №1 балалар үйі орналасқан жер учаскесі кімге тиесілі? Сауалға Алматы облысының Білім басқармасы жауап берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ресми жауапқа сүйенсек, 2006 жылғы 28 ақпандағы мемлекеттік актіге сәйкес Алматы қаласы Бостандық ауданы Бағанашыл шағынауданы Сырғабеков көшесі 22-үй мекенжайында орналасқан, кадастрлық нөмірі 20-313-042-109 жер учаскесі "Алматы облыстық №1 балалар үйі" мемлекеттік мекемесіне тұрақты жер пайдалану құқығы негізінде берілген.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

"Бұл жер учаскесінің мақсаты – балалар үйін орналастыру. Акт берудің негізі: Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің 2000 жылғы 27 сәуірдегі №4-190 шешімі. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 34-бабы 1-тармағына сәйкес тұрақты жер пайдалану құқығы мемлекеттік жер пайдаланушыларға беріледі", – деп түсіндірді білім басқармасы өкілі.

Ведомство өкілдері ғимаратты көшіру жоспарланбағанын да мәлімдеді.

"Мекеме өз орнында қалады, ал Қонаев қаласында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, яғни уақытша балаларға арналған мекеме жұмыс істейді", – деп түсіндірді Алматы облысының білім басқармасы өкілі.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Білім басқармасының мәліметінше, жалпы жер көлемі 2,5 гектар болады.

Айта кетейік, бұған дейін №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері мекеме Алматыдан Қонаев қаласына көшіріліп жатқанына шағынды. Олардың үндеуі әлеуметтік желілерде пайда болды. Кейін №1 облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыдан қала сыртындағы жаңа ғимаратқа көшірілмейтін болды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!