Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолы салынады, деп хабарлайды 24kz.
Кешегі құрылтайда Президент айтқан жаңа күрежол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады.
Тобыл-Торғай өңірінде ауыл шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Бұл тың жоба Президенттің тапсырмасы көптің көңілінен шықты. Қостанайлықтардың пікірін тыңдайық.
Жомарт Құсайын, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Астана – Арқалық, Арқалық – Ырғыз бағытындағы жол бағытын салу, сол мәселені көтеріп кетті. Біз осы бағытта енді жақсы мамандарды да дайындауымыз керек. Яғни, осы солтүстік өңірде, яғни, автокөлік бағытындағы мамандарды дайындау, ауыл шаруашылығын дамыту, яғни, бұл біздің экономикамызға үлкен үлес қосады деген сенімдемін.
Қырмызы Жаңбыршина, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Торғай халқын дүр сілкіндірген жағымды жаңалық болды. Ол Президент айтқандай елімізде инфрақұрылымдық маңызы өте жоғары бір жоба қолға алынбақшы, Астана қаласынан Арқалық – Торғай – Ырғыз елді мекендері арқылы Транскасспий халықаралық дәлізіне үлкен ауқымдағы үлкен автокөлік жолының жобасы қолға алынатын болады. Бұл дегеніміз, осы елді мекендер арасындағы байланысты 600 шақырымға қысқартады деген сөз.
Тойғанбол Нұрханов, Торғай ауылының тұрғыны:
- Осы жолдың құрылысының басталуы халықтың арманы десем артық емес. Торғай өңірінің халқы өте қуанышты. Бұл – бірнеше жылдан бері армандаған біздің арманымыз. Оның сыртында Арқалықтағы әуежайдың қайтадан қалпына келтірілуі Торғай өңірінің халқы үшін өте қуанышты жағдай. Торғай халқы енді осы жол өтетін болса, Торғайдың тыныс-тіршілігі кеңейіп, жақсара түседі. Көші-қон тоқтайды. Халқымыз тұрақтанады. Еліміз көркейеді деп сенеміз.